Accessibility links

Шымкентте айырбас пунктерінің көбі жабық тұр


Шымкентте жабық тұрған ақша айырбастау пунктерінің бірі. 20 тамыз 2015 жыл.
Шымкентте жабық тұрған ақша айырбастау пунктерінің бірі. 20 тамыз 2015 жыл.

Бүгін Шымкентте Тәуке хан даңғылы бойындағы ақша айырбастау пунктерінде доллар 251 теңгеден бастап 255 теңге аралығында сатылады деп жазылғанымен, кейбір ақша айырбастау пунктерінде доллар жоқ болып шықты.

Ақша айырбастау пунктеріндегі сатушылардың Азаттық тілшісіне айтуынша, олар долларды 245 теңгеден сатып алып жатыр.

"Таңертең 1 доллардың теңгеге шаққандағы бағасы 198 теңге болатын. Түс болмай тағы көтерілді. Қазір 245 теңгеден сатып алып жатырмыз. Бірақ сатып жатқан жоқпыз» дейді бірнеше айырбас пунктіндегі сатушылар.

Азаттық тілшісі Тәуке хан даңғылындағы отызға жуық ақша айырбастау пунктінің жартысынан астамы жабық тұрғанына куә болды. Есесіне ақша айырбастау пунктерінің алдында 1 долларды 235 теңгеден сатып алатындарын айтқан делдалдар жүргенін байқады.

Бүгін үкімет валюта дәлізін жойып, теңге бағамын еркін айналымға жіберген. Қазақстан қор биржасында бүгін таңертеңгілік саудада 1 АҚШ доллары 255 теңге 26 тиыннан сатылды. Бұл - доллардың кешегі бағамынан шамамен 30 пайызға қымбат.

Доллардың қымбаттауына байланысты бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала кәсіпкерлерін шақырып, шұғыл жиын өткізді. Доллар бағамы көтерілгенімен «қажетті тауарлардың бүгінгі күнгі бағасын ұстап қалуымыз қажет» деген қала әкімі бағаны "негізсіз көтергендерге қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң шара қолданылатынын" ескертті.

Қаладағы ірі сауда орындары мен базар басшылары, фармацевтика компанияларының өкілдері, ірі жанар-жағармай құю бекеттерінің басшылары қала әкімінің сөзін бір ауыздан қолдап, бағаны көтермеуге уәде етті.

XS
SM
MD
LG