Алматыда қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаевты бүгін кешкісін полиция қызметкерлері ұстап алып кеткен. Бұл туралы Азаттыққа оның әйелі Зоя Нарымбаева хабарлады.
Оның айтуынша, «Әділеттілік үшін» қоғамдық бірлестігі жалдап отырған кеңсеге әуелі прокуратура өкілі келіп, Ермек Нарымбаевқа бейбіт жиын, митинг, шеру өткізу заңын бұзатын болса, әкімшілік жауапқа тартылатынын ескерткен.
«Одан соң полиция қызметкерлері Ермек пен тағы бір адамды ұстап, Бостандық аудандық полиция бөліміне алып кетті» деп хабарлады Зоя Нарымбаева.
Бұл ақпаратқа қатысты полиция бөлімінен түсініктеме алу мүмкін болмады. Ермек Нарымбаевпен қоса ұсталып, Бостандық аудандық полиция бөлімінде отырғандары туралы тағы бір қоғамдық белсенді Ринат Кибраев Facebook әлеуметтік желісінде хабарлап, екеуінің сонда бірге селфиге түскен суретін жариялаған.
Бұған дейін Ермек Нарымбаев Қазақстан президенті, үкіметі мен ұлттық банк жетекшісінің отставкаға кетуі, зейнетақыны индексациялау, теңге бағамын 2014 жылғы қаңтардағы деңгейіне қайтару, табиғи ресурстарды, оларды өндіретін кәсіпорындарды мемлекет иелігіне алу, жұмыстан жаппай босату мен қысқартуды доғару, ЭКСПО-2017 жобасынан бас тарту және басқадай талаптарды билікке қою үшін тамыздың 20-сы күні сағат 19:00-да Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткіші жанына келетінін Facebook әлеуметтік желісі арқылы хабарлаған.
Биыл шілде айында Алматы әкімшілік сотының шешіміен Ермек Нарымбаев «заңсыз жиын өткізгені» үшін 15 күн қамауда отырып шыққан.