Ресей федералдық кеден қызметі батыс елдерінен азық-түлік импорттауға салынған эмбаргоны бұзғандарды бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын заң жобасын даярлады.
Федералдық кеден қызметі жариялаған заң жобасында эмбаргодағы шетелдік азық-түлікті тыйым салынған "стратегиялық импорттық" тауарлар тізіміне қосу ұсынылған. Тыйым салынған "стратегиялық тауарлар" тізімінде радиоактивті ядролық материалдар мен улы заттар бар.
Заң жобасында Еуропа Одағы, АҚШ пен азық-түлік эмбаргосы салынған өзге де елдерден контрабандалық азық-түлік тасымалдаумен айналысты деп танылған жекелеген адамдарды жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Кеден қызметі ұйымдасқан түрде ірі көлемде тыйым салынған тауар тасымалдаумен айналысқан топ мүшелерін 12 жылға дейін соттауды ұсынған.
Кремль 2014 жылы жазда Ресейге қаржы және экономикалық санкция енгізген елдерден азық-түлік пен көкөніс импорттауға эмбарго енгізген.