Қазақстан ұлттық банкі жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша бағамдық айырманы өтеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құрды. Бұл туралы бүгін ұлттық банктің баспасөз-қызметі хабарлады.
«Қазақстан президенті Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Ұлттық банкі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен бірлесіп жеке тұлғалардың ұлттық валютада ашылған мерзімді депозиттері бойынша бағамдық айырманы өтеу тетігін әзірлеу мәселесі жөніндегі жұмыс тобын құрды» делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, жұмыс тобының құрамына Ұлттық банктің, екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының өкілдері енген.
«Өтемақы 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша шоттағы қалдық сомасы 1 миллион теңгеге дейін болатын жеке тұлғалардың теңгеде ашылған мерзімді депозиттері бойынша жүзеге асырылады. Депозит банктегі арнайы шотта бір жыл бойы сақталған жағдайда, азаматтарға бағамдық айырма өтелетін болады» делінген ресми ақпаратта.
Тамыздың 20-сы күні Қазақстан үкіметі валюта бағамының ауытқу шегін алып тастап, теңге бағамын еркіне жіберу туралы шешім қабылдаған соң, бейсенбі күні бір АҚШ долларының орташа бағамы 198 теңгеден 255 теңгеге дейін өскен.
Қазақстан қор биржасында жұма күнгі кешкі сауда нәтижесі бойынша, бір АҚШ долларының бағамы 237,66 теңгені құраған.