Украина орталық сайлау комиссиясы (ОСК) елдің шығыс аймағындағы 122 жергілікті кеңес органдарына сайлау өткізуге мүмкіндік жоқ деп тапқан. Бұл туралы Азаттықтың Украин қызметі хабарлады.
ОСК-нің мұндай шешім қабылдауына аталған жергілікті кеңестер территориялары ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аумақпен шектесетіндіктен, оларда заң мен тәртіп сақталатынына биліктің кепілдік бере алмайтыны туралы Донецк және Луганск облыстарындағы әскери-азаматтық әкімшіліктерінің ұсыныстары негіз болған.
ОСК қаулысы енді Украина парламентіне бекітуге ұсынылады.
Сонымен бірге Украина орталық сайлау комиссиясы елде жергілікті билік органдарына сайлау процесін қыркүйектің 5-інен бастау туралы шешім қабылдаған.
Украинада жергілікті билік органдары сайлауы қазанның 25-іне тағайындалған.