Accessibility links

Тяньцзинь: құрбан болғандар саны 150 адамға жетті


Тяньцзиндегі жарылыс орнын тазалап жүрген жұмысшылар. Қытай, 20 тамыз 2015 жыл.
Тяньцзиндегі жарылыс орнын тазалап жүрген жұмысшылар. Қытай, 20 тамыз 2015 жыл.

Қытайдың солтүстік-шығысындағы портты Тяньцзинь қаласында болған бірнеше жарылыстан қаза тапқандар саны 150 адамға жетті деп хабарлады Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі.

Қаза тапқандар арасында 92 өрт сөндіруші бар. Тағы 23 адам табылмай жатыр.

Жарылыстан зардап шеккен 360 адам әлі ауруханада жатыр, олардың бесеуі аса ауыр халде.

Тамыздың 13-іне қараған түні Тяньцзинь порты аймағындағы жарылғыш заттар сақталған контейнерлердің бірінде өрт шығып, оның соңы жарылыстарға ұласқан. Қытай сейсмологиялық орталығының мәліметінше, ең ірі жарылыс қуаты 21 тонна тротил күші шамалас болған.

Қытай билігі Тяньцзиндегі жарылыстарға байланысты 11 шенеуніктің үстінен іс қозғап, «салғырттық танытқан» және «қызмет өкілетін теріс пайдаланған» деген айыптар таққан. Сонымен бірге, жарылыс болған қоймаға иелік ететін компанияның 12 қызметкерін тұтқындаған.

XS
SM
MD
LG