Украина парламентіндегі "Радикал партия" мен "Свобода" саяси коалициясының ондаған депутаты мен белсендісі бүгін парламентте конституцияға билікті орталықсыздандыруға қатысты түзетулер енгізуге дауыс беруге қарсылық танытты. Наразы депутаттар түзетулер енгізу туралы заң жобасының бірінші оқылымында дауыс беруде парламент мінберін жауып тастады.
Заң жобасы бойынша, Украина шығысындағы Донецк мен Луганск облыстарының ресейшіл сепаратистер бақылауындағы жекелеген аудандарында жергілікті өзін-өзі басқарудың ерекшелігін арнайы заң реттейді.
Украина президенті Петр Порошенко конституцияға түзетулер жобасын парламентке 16 шілдеде ұсынған. Мұның алдында батыс елдері Порошенконы Минск келісіміне сай Украина шығысындағы кейбір аймақтарға өзін-өзі басқару құқығын беруге көндірген.
Сепаратистер өз бақылауындағы аймақтардың мәртебесі ерекше екені конституцияда көрсетілуі тиіс дейді.
Бүгін Киевте парламент алдында жүздеген белсенді де конституцияға түзету енгізуге қарсылық танытты. Кейбір демонстранттар үкімет ғимараттары орналасқан аумақтағы көшелерде қозғалысты тоқтату үшін жолға көліктерін қойып тастаған.