Accessibility links

АҚШ әскери технология жайлы заңды бұзғандарға санкция енгізді


Сириялық әскери ұшақ. (Көрнекі сурет)
Сириялық әскери ұшақ. (Көрнекі сурет)

АҚШ әкімшілігі осы елдің жаппай қырып-жою қаруын таратпау туралы заңын бұзғаны үшін ресейлік бірқатар заңды тұлғаларға санкциялар енгізбек. Бұл туралы ақпарат сәрсенбі күні АҚШ үкіметінің хабаршысы The Federal Register сайтында жарияланған. Иран, Солтүстік Корея және Сирияға ядролық және зымыран технологиясын бергені үшін АҚШ тарапы қабылдаған тыйым шарасы сәрсенбіден бастап күшіне енуі мүмкін.

Бұл санкцияға Ресейдің Тула қаласындағы «Катод» аспапқұрастыру конструкторлық бюросы, «НПО машиностроение» кәсіпорыны, «МиГ» корпорациясы, сонымен бірге олардың бөлімшелері, еншілес және мұрагер кәсіпорындарының барлығы ілінген.

АҚШ сондай-ақ, америкалық заңнаманы бұзғаны үшін Қытай, Судан, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінің заңды тұлғаларына қарсы санкциялар енгізген.

Ережеге сәйкес, АҚШ-тың үкіметтік мекемелеріне, мемлекеттік департамент белгілейтін айрықша жағдайдан басқа кездері, аталған компаниялармен қандай да болмасын іскерлік байланыс орнатуға тыйым салынған. Бұған қоса, АҚШ кәсіпорындарына енді стратегиялық маңызы бар өнімдерін санкцияға ілінген компанияларға өткізуге жаңа лицензиялар берілмейді.

XS
SM
MD
LG