Украина президенті Петр Порошенко "еркін әлемнің барлық елін ресейлік басқыншыларға қарсы тұру үшін біртұтас майданға бірігуге" шақырды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толуына арналған салтанатты шарада сөйлеген Порошенко "Ресей басқыншылығы барлық өркениетті әлемге, оның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіретінін" мәлімдеді. "Ресейдің "татулық орнату" саясаты нәтиже бермегендіктен оны бұдан 70 жыл бұрынғыдай тек күш біріктіріп қана тоқтатуға болады" деді Порошенко.
Украина президенті Мәскеу Қырымды аннексиялап, Донбаста қарулы қақтығыс бастаған кезде "арсыз түрде" тапталған халықаралық құқыққа деген сенімділікті қалпына келтіруге шақырды.
Киев пен батыс елдері Ресейді Украина шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсетеді деп санайды. Мәскеу бұл айыпты жоққа шығарып, өзін-өзі жариялаған Донецк мен Луганск "халық республикалары" сапында тек ресейлік еріктілер соғысып жүр дейді.