Accessibility links

Хаменей: Санкция жойылмаса келісім орындалмайды


Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменей.
Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменей.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменей әлемдік державалар Тегеранмен жасаған ядролық келісімін орындаудың бастамасы ретінде өз еліне салынған халықаралық санкцияларды алып тастауы тиіс деп мәлімдеді.

3 қыркүйекте телеарнадан сөйлеген Хаменей "экономикалық санкциялар алынбаса ешқандай келісім болмайтынын" ескертті. Ол егер санкциялар тек белгілі бір уақытқа тоқтатылса, онда Иран келісімдегі өз міндеттемесін ішінара ғана орындайтынын айтты.

14 шілдеде Тегеран мен АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия арасында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ұзақ мерзімдік келісім жасалған. Ол бойынша Иранның ядролық бағдарламасы кәдімгідей шектеліп, есесіне халықаралық санкциялар біртіндеп алынатын болған.

Иранда мемлекеттік маңызы бар мәселелерге қатысты ақтық шешім қабылдайтын Хаменей бұған қоса парламенттің келісімді дауысқа салатынына қолдау білдірді. Бұған дейін Иран президенті Хассан Роухани келісімді дауысқа салуға қарсы болған.

Иран парламенті құрған арнайы комитет қазір келісімді тексеріп жатыр.

XS
SM
MD
LG