Бүгін таңға жуық Тәжікстаның Вахдат қаласындағы полиция бөліміне шабуыл жасалған. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады.
Тәжікстан ішкі істер министрлігі «шабуылдаған екі адам мерт болып, үшеуі жараланған» деп хабарлаған. Министрлік ақпаратында «шабуыл жасаған қылмыстық топ топ жетекшісі де мерт болғаны» айтылады.
Тәжікстан бас прокуратурасы Душанбеден 20 километрде орналасқан Вахдат қаласындағы төтенше оқиғаға қатысты тексеру басталғанын мәлімдеген.
Тәжікстанның «Азия-Плюс» агенттігі «төрт полиция қызметкері қаза тапқан» деп хабарлады.
Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, бүгін таңертең ел астанасы Душанбе қаласында әуежай маңында да атыс болып, екі адам қаза тапқан. Қазір бұл екі оқиғаның бір-біріне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.