Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің директоры Масуд Ахмед ХВҚ Қазақстан үкіметінің теңге бағамын еркін айналымға жібергенін құптайтынын мәлімдеді. Масуд Ахмед Астанада екі күндік сапармен болып, премьер-министр Кәрім Мәсімовпен, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовпен және басқа да бірнеше шенеунікпен кездескен.
Ахмед таратқан мәлімдемеде Қазақстан Орталық Азияның өзге де елдері сияқты мұнай бағасының арзандауы, Ресей мен Қытай экономикасы өсімінің баяулауы сияқты сыртқы факторлар ықпалына ұшырағаны айтылады.
Масуд Ахмед үкіметтің жаңа қаржы-несие саясатына "сенім орнатудың" маңызды екенін айтады. Ол қаржы-несие саясатына қоса Қазақстан экономикасында түбегейлі құрылымдық реформалар жасалуы қажетін, ішінде адам капиталын дамыту, заңның үстемдігін арттыру, елдегі бизнеске жағдай жасау керегін ескертеді.
Қазақстан үкіметі 20 тамызда теңге бағамы еркін айналымға жіберіп, валюталық дәлізді ұстап тұрудан бас тартқан. Бұдан соң теңгенің долларға шаққандағы бағамы бірден 30 пайыз шамасында құлдыраған. Ал кеше Ұлттық банк бір күндік РЕПО-ның базалық мөлшерлемесін 12 пайыз деңгейінде бекіткен.