Accessibility links

Тәжікстан билігі шабуылдардан 17 адам өлгенін айтты


Душанбе әуежайы маңында шабуыл жасалған жердегі оқ қалдықтары. Тәжікстан, 4 қыркүйек 2015 жыл.
Душанбе әуежайы маңында шабуыл жасалған жердегі оқ қалдықтары. Тәжікстан, 4 қыркүйек 2015 жыл.

Тәжікстанда жұма күні болған шабуылдардан қаза тапқан 17 адамның сегізі – милиция қызметкерлері деп хабарлады осы елдің ішкі істер министрлігі.

Министрліктің ресми сайтында жарияланған ақпаратта тоғыз күдіктінің оққа ұшқаны және олардың сыбайласы деген күдікпен алты адамның тұтқындалғаны айтылған. Тәжікстан билігі бұл шабуылдарға қорғаныс министрінің орынбасары Абдухалим Назарзоданы айыптап отыр. Жұма күні президент Эмомали Рахмон өз шешімімен Назарзоданы қызметінен босатқан. Билік орындары Абдухалим Назарзода мен серіктеріне іздеу жариялаған.

Ресми ақпаратта 1990-жылдары үкімет күштеріне қарсы шайқасқан Тәжікстан бірлескен оппозиция қатарында болған генерал-майор Абдухалим Назарзоданың 1997 жылғы бейбіт келісімнен соң елдің қорғаныс министрлігінде басшы қызметке тағайындалғаны айтылған. Сонымен бірге билік Назарзоданы өткен аптада елде қызметіне тыйым салынған «Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясына мүше болған» деп отыр.

Қыркүйектің 4-і күні таңертең Тәжікстан қорғаныс министрлігінің орталық аппараты мен Душанбеден 20 шақырымдай жердегі Вахдат қаласында ішкі істер бөліміне қарулы шабуылдар жасалған еді. Билік қорғаныс министрлігі кеңсесіне шабуылдағандар ол жерден өздерімен бірге үлкен көлемде қару-жарақтар алып кеткен деп хабарлаған.

XS
SM
MD
LG