Ресей әділет министрлігі «Голос» демократияны қолдау қорын «шетел агенті» делінетін үкіметтік емес ұйымдар тізіміне қосқаны туралы жұма күні хабарлаған.
Министрлік өкілдері мұндай шешім Мәскеу қаласы бойынша бас басқармасының «кезектен тыс жүргізген тексеру жұмыстары барысында анықталған жайттар негізінде» қабылданғанын айтқан.
Ресейдегі сайлаушылар құқығын қорғайтын «Голос» қозғалысының жетекшілігі өзі аттас қордың бұрыннан бері жұмыс істемей тұрғанына қарамастан, әділет министрлігінің оны тізімге қосу туралы шығарған шешіміне шағым түсіретіндерін мәлімдеген.
«Бұл қордың жұмыс істемей тұрғанына көп болды. Ол жойылған жоқ, бірақ мүлде қызмет атқармайды, сол себепті, әрине, ешкімнен қаржы алған емес» деген «Голос» қозғалысының теңтөрағасы Григорий Мельконьянц «Интерфакс» агенттігіне.
«Голос» қоры Ресейде «шетел агенттері» тізіміне алынған 91-ұйым болып отыр.
Ресейде үкіметтік емес ұйымдарды «шетел агенті» деп ажыратып, арнайы тізімге алуды белгілейтін заң 2012 жылдан бері бар. Ол заң шетелден қаржыландырылатын, саяси қызметпен айналысатын ұйымдарды «шетел агенттері» тізімінде тіркелуге міндеттейді. Былтыр енгізілген өзгеріске сәйкес, әділет министрлігіне үкіметтік емес ұйымдарды әлгі тізімге мәжбүрлі түрде кіргізу құқығы берілген.