Accessibility links

Айдын Айымбетов ХҒС-те жұмысқа кіріскенін айтты


Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов ғарыш кемесінде. 2 қыркүйек 2015 жыл.
Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов ғарыш кемесінде. 2 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов Халықаралық ғарыш станциясында (ХҒС) ғарыштағы ғылыми бағдарламаны атқаруға кіріскені туралы хабарлаған.

Жұма күні кешкісін «Қазғарыш» ұлттық ғарыш комитеті төрағасы Талғат Мұсабаевпен телефон арқылы сөйлескен Айымбетов ресейлік «Союз ТМА-18М» кемесі Халықаралық ғарыш станциясына сәтті түйіскенін айтқан деп хабарлады бүгін «Қазғарыш» баспасөз қызметі.

Айдын Айымбетов Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған жазбасында қазақ ғалымдарының ғарышкерлерге ұлттық тағам әзірлеуге арналған «Дастархан» атты ғылыми тәжірибесіне кіріскенін хабарлаған.

«Бірінші ас – қазақша дайындалған еттің құрғатылған түрі. Салмақсыздық жағдайында тамақ жеу үйреншікті іс емес. Ет дәмді, бірақ құрғақтау. Сорпа жетіспейді» деп жазған қазақ ғарышкері.

Айдан Айымбетов алдағы сейсенбі, қыркүйектің 8-і күні журналистердің сауалдарына тікелей эфирде жауап береді деп жоспарланған.

Ол ресейлік ғарышкер Сергей Волков пен Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты, даниялық Андреас Могенсенмен бірге «Союз ТМА-18М» кемесімен Байқоңырдан 2 қыркүйек күні ұшқан.

XS
SM
MD
LG