Таиланд астанасы Бангкокта бокстан Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы бес алтын, бір күміс, бір қола медальмен жалпы есепте бірінші орынға шықты.
Қазақстан командасынан 52 килограмда сынға түскен Олжас Сәттібаев өзбекстандық Шахобид Зоировты, 69 килограмда Данияр Елеусінов филиппиндік Эумир Марсиалды 3:0 есебімен жеңіп, құрлық чемпионы атанды. Сәттібаев Азия жеңімпазы атағын алғаш рет иеленсе, Елеусінов осымен екінші рет Азия чемпионатын ұтты.
81 килограмда Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Азия чемпионатының алтын медалін алды. Онымен финалға шыққан өзбекстандық Елшод Расулов жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты.
91 килограмда Василий Левит өзбекстандық Рустам Тулагановты жеңіп, 91 келіден асатын салмақ дәрежесінде Иван Дычко қытай боксшысы Ванг Жибаодан басым түсті.
Ал 60 килограмда финалдық жекпе-жекте қазақстандық Зәкір Сафиуллин моңғолиялық Дорьнямбуу Отгондалайдан жеңіліп, күміс медаль иеленді. 56 килограмда Қайрат Ералиев қола жүлдегер атанды.
Бұған дейін Қазақстан 2013 жылы Амманда (Иордания) өткен Азия чемпионатында және 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарының әрқайсысында бокстан жеті алтын иеленген.