Оралда жұмыстан шығарылғанына наразы университет оқытушысы Наталья Черченко бүгін аштығын тоқтатты. Өзін қайтадан жұмысқа алуды талап еткен Черченконың аштық жариялап жатқанына осымен 12-күн болған.
Черченконың Азаттыққа телефон арқылы хабарлауынша, ол аштықты құқық қорғаушы Болат Бисенғалиевтің кеңесімен тоқтатқан. Ол Бисенғалиевтің көмегімен Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік университетіне сот арқылы қайта жұмысқа тұруға тырысып көретінін айтады. Бисенғалиев "Черченконың ісімен айналысатынын" растап, әзірге іс матермалымен танысып жатқанын айтты.
Черченконың айтуынша, екі жыл бұрын жергілікті Қазақстан инновациялық технологиялық жүйелері университетінде (ҚазИИТУ) оқытушы болып жүргенінде білім және ғылым министрлігінің сайтына оқу орнындағы "коррупция фактісі" туралы жазған соң қудалау басталған. Университет басшылығы экокомика ғылымдарының кандидаты, 49 жастағы Черченкодан "өз еркімен жұмыстан кетуін" сұраған.
Оқытушы бұдан соң басқа жергілікті университеттерге жұмысқа орналасуға тырысқанын, бірақ "бюрократиялық кедергілерге" ұшырағанын айтады.
16 жастағы мүгедек ұлдың анасы Черченко аштық кезінде дәрігерлер денсаулығын біліп тұрғанын айтты.
2015 жылдың басында облыс прокуратурасы жеке меншік бес оқу орнының қызметін тоқтатқан. Прокуратура "тексеру нәтижесінде оқу орындарындағы оқытушылардың жартысынан көбі іс жүзінде жұмыс істемейтінін" анықтаған.