Молдовада "Ар-намыс" пен "Сенім" азаматтық қозғалыстарының жетекшілері молдовалықтарды 13 қыркүйекте Кишиневтің орталығына жаппай шеруге шығуға шақырды.
6 қыркүйекте Кишиневте ондаған мың адам елдегі коррупция деңгейіне наразылық танытып, көшеге шыққан. Содан бері жүздеген шеруші үйлеріне тарқамай, алаңда палатка тігіп жатыр. Молдовада совет одағы кезеңінен бері мұндай ірі қарсылық шеруі болып көрмеген.
"Ар-намыс" пен Сенім" қозғалыстары президент Никола Тимофти мен мемлекеттік бірнеше коррупциямен күрес органының басшыларын отставкаға кетуін талап етеді. Қос ұйым бұған қоса Молдовада мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуге де шақырады.
Наразылықты ұйымдастырушылар 10 қыркүйекте премьер-министр Валерий Стрелетпен кездесіп, "жаңа саяси тап" қалыптасуы үшін үкіметтің отставкаға кетуін тағы да талап еткен. Премьер талапты қабылдамағанымен, наразылардың саяси емес талаптарының орындалуына септесуге даяр екенін білдірген.