Accessibility links

АҚШ 11 қыркүйек құрбандарын еске алды


Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығы орнында тұрғызылған мемориалдық ескерткішке террорлық шабуыл құрбандарын еске алуға жиналғандар.
Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығы орнында тұрғызылған мемориалдық ескерткішке террорлық шабуыл құрбандарын еске алуға жиналғандар.

АҚШ-та жұма күні 2001 жылы қыркүйектің 11-і күні жасалған террорлық шабуылдарда құрбан болғандарды еске алу шаралары өтті.

Бұдан 14 жыл бұрын АҚШ-та төрт жолаушылар ұшағын басып алған «Әл-Қаида» ұйымы терроршылары екі ұшақты Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының (ДСО) қос ғимаратына, үшіншісін – Вирджиния штатындағы қорғаныс министрлігі кеңсесі – Пентагонға бағыттап, соққан. Төртінші ұшақ Пенсильвания штатына құлаған еді. Соның салдарынан үш мыңға тарта адам қаза тапқан.

Содан бері АҚШ-та 11 қыркүйекте «Патриоттар күні» аталып өтеді. Шабуылдар құрбандарын еске алу күні барлық мемлекеттік органдарда тулар төмен түсіріледі.

Нью-Йоркте өткен еске алу шарасында 14 жыл бұрын шабуылдан қираған ДСО орнында тұрғызылған мемориалдық ескерткішке жазылған қаза тапқан адамдардың аты-жөндері оқылды. Қаза тапқандардың туған-туыстары, қатардағы азаматтар, бұрынғы және қазіргі саясаткерлер қатысқан еске алу шарасында сөз сөйленген жоқ. Жиналғандар террорлық шабуылдар салдарынан мерт болғандарды үнсіздікпен еске алды.

Вашингтонда президент Барак Обама жұбайы және Ақ үй қызметкерлерімен бірге 11 қыркүйек құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

АҚШ қорғаныс министрі Эш Картер отбасы мүшелерімен бірге Пентагон жанындағы құрбандарға орнатылған ескерткішке гүл қойып, марқұмдарды еске алды.

XS
SM
MD
LG