Бүгін Астанада Байқоңырдан «Протон» зымыран тасығышының ұшырылуына қарсы «Антигептил» белсенділері - алты адам ұсталды. Бұл туралы Азаттыққа ұсталғандардың бірі Болатбек Біләлов хабарлады.
Белсенділер Астана орталығында ақпараттық парақша таратып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған хатқа қол жинап жүрген жерлерінен ұсталған. Ол хатта «Протон» зымыран тасығышы қолданатын отын - гептилдің елдегі экологиялық жағдайға және қазақстандықтардың денсаулығына әсерін зерттейтін үкімет комиссиясын құру ұсыныс айтылған.
Полиция белсенділерді Астанадағы Алматы аудандық ішкі істер бөліміне апарып, түсініктеме жаздырған.
Бүгін ресейлік «Экспресс-АМ8» спутниктік байланыс құрылғысы орнатылған «Протон» зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағына орналастырылды. «Роскосмос» агенттігінің хабарлауынша, «Протон» Астана уақыты бойынша дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні cағат 01.00-де ұшырылады.
«Антигептил» тобы 2013 жыл «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған соң құрылған еді. Олар Қазақстан билігінен Ресей жалға алған полигондарды жабуды талап етеді.