Accessibility links

Шенген елдері шекарада бақылауды күшейте бастады


Сербиямен шекарада босқындарды өткізбеу үшін шекараны жауып тұрған венгр сарбаздары. Венгрия, 14 қыркүйек 2015 жыл.
Сербиямен шекарада босқындарды өткізбеу үшін шекараны жауып тұрған венгр сарбаздары. Венгрия, 14 қыркүйек 2015 жыл.

Венгрия бүгін 30 қыркүйекке дейін елде қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін шекарада бақылауды күшейтетінін жариялады. Кеше Германия толассыз келіп жатқан босқындар легін тоқтату үшін Австриямен шекарасында бақылауды күшейткен. Бұдан соң Австрия Венгриямен, Словакия Австриямен және Венгриямен шекарасында бақылауды күшейтетінін хабарлаған.

Польша билігі де бүгін егер шекарасынан тым көп мигрант өткендей болса шекарада бақылауды күшейтетінін мәлімдеп, Брюссель қабылдаған мигранттарды квотамен бөліп алудан бас тартатынын білдірді.

Шекарада бақылау жойылып, Шенген визасыз режимі жұмыс істей бастаған 1995 жылдан бері мұндай қауіпсіздік шаралары жасалып көрмеген. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Шенген аймағы ережесі бойынша аймаққа кіретін елдер арасында заңсыз мигранттардың арлы-берлі жүруіне тыйым салынған. Бірақ мигранттардың заңсыз жүруіне шектеу қоятын тетіктер жоқ деуге де болады. Шенген аймағына кіретін елдерге ішкі шекарада шекара бақылауын уақытша қалпына келтіруге рұқсат етілгенімен, мұндай бірнеше ел бірден шекара бақылауын күшейткен емес.

Бүгін Еуропа Одағы елдерінің ішкі істер министрлері Италия, Венгрия және Грекияға келіп жеткен 160 мың мигрантты қалай қабылдап, орналастыру жөнінде келіссөз жүргізген. Reuters-дің мәліметінше, ЕО шенеуніктері босқындарды қайта бөлу жоспарын ұсыну ниетте.

XS
SM
MD
LG