Финляндияның ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысатын F-Secure компаниясы Мәскеуді Еуропа мен Азия елдеріндегі кибертыңшылыққа қатысы бар деп мәлімдеді.
17 қыркүйекте жасаған баяндамасында компания Dukes деп аталатын хакерлік топ соңғы жеті жылда Ресей үкіметінің пайдасына ауқымды кибершабуылдар жасаумен айналысқан дейді.
Баяндамада хакерлік топ компьютерлік желілердегі мәліметтерге кіре алатын қауіпті бағдарламаларды пайдаланған дейді. Компания шабуылға ұшыраған нысандар арасында НАТО-ның Грузиядағы ақпараттық орталығы, Түркия, Украина және Польша сыртқы істер министрліктері, АҚШ, Еуропа және Орталық Азиядағы бірнеше үкіметтік мекемелер мен зерттеу орталықтары бар дейді.
"Барлық мәліметтер хакерлік топты Ресей үкіметі қаржыландырғанын көрсетеді" дейді F-Secure зерттеу тобының жетекшісі Артури Летио.