Associated Press агенттігі жаңа жариялаған зерттеуінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын (ДСҰ) Батыс Африкада 2014 жылы қауіпті Эбола вирусы таралуының алдын ала алмады деп айыптады.
Қыркүйектің 21-і күні жарияланған баяндамада ДСҰ-ның саяси және экономикалық себептерге байланысты аймақта төтенше жағдай жариялауды кешіктіргені және төтенше жағдай жарияланғаннан соң да індетпен күрес жұмыстарын дұрыс жүргізе алмағаны айтылады.
Сарапшылардың агенттікке айтуынша, ДСҰ-ның дұрыс жұмыс істемеуінен аймақта індеттен адам шығыны көбейген.
Сьерра-Леонеде жұмыс істейтін денсаулық сақтау саласы сарапшыларының бірі ДСҰ-ны "өлген науқасты таситін қаптың түсі қандай болу керек деген сияқты мәнсіз сұрақтарды" жиі талқылады деп сынаған.
Ресми дерек бойынша, Батыс Африка аймағында Эбола індетінен қазірге дейін 11 мыңнан астам адам көз жұмған. Сарапшылар індет биылғы жылдың соңына дейін жойылмайды деп болжайды.