Германия үкіметі Ресейді Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистердің өз бақылауындағы аудандарда Киевтің кеңесінсіз сайлау өткізу жоспарынан бас тартпады деп сынады.
Германия канцлері Ангела Меркельдің баспасөз хатшысы Штеффен Зайберт 21 қыркүйекте "Ресейдің сайлау өткізу жоспарынан әлі бас тартпағаны өте өкінішті" деп мәлімдеді.
Германия сыртқы істер министрлігі де "Біз Мәскеу сепаратистерге сайлау өткізу жоспарынан бас тартуына ықпал етеді деп күтеміз" деп мәлімдеді.
Бұған дейін Украинаның Луганск облысындағы кейбір аудандарды бақылауда ұстап тұрған сепаратистер жетекшісі Игорь Плотницкий аймақта 1 қарашада жергілікті басқару органдарына сайлау өтеді деп мәлімдеген.
Германия сыртқы істер министрлігі сайлау өткізу жоспарын "үлкен алаңдаушылықпен қабылдайтынын" айтып, мұның ақпан айында Минскіде қабылданған бейбіт келісімді бұзатынын ескертті.
Украина билігі мен Батыс елдері де Донецк мен Луганск облысындағы сепаратистердің сайлау өткізу жоспарын айыптаған.