Accessibility links

Езидтер ИМ-ды халықаралық сотқа берді


Ирактағы ИМ қудалауына түскен езидтер.
Ирактағы ИМ қудалауына түскен езидтер.

Ирактағы азшылық топқа жататын езидтер "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымын Халықаралық қылмыстық сотқа берді. Езидтер ИМ-ді геноцид жасады және жыныстық құлдыққа салды деп айыптайды.

Езидтердің "Езид" үкіметтік емес ұйымының өкілі Мурад Исмайылдың мәлімдеуінше, ұйым шағымында ИМ-нің езидтерге көрсеткен "тағылық қылмысы Гаага сотының геноцидке берген анықтамасына сай келетінін" көрсеткен.

Шағымда езидтер ИМ содырлары 700-ден астам езид ерлерін, қартаң кісілерді өлтіріп, мыңдаған әйелді құлдыққа алғанын және балаларын ұрлап содыр қылғанын айтқан.

ИМ өткен жылдың жазында Ирак пен Сирияның біраз бөлігін басып алған соң ондағы езидтерді "пұтқа табынады" деп, жойып жіберу ниеті барын ашық білдірген. Жаратушы бір деп сенетін езидтердің діни дүниетанымы ежелгі Иранның діни дәстүрлерінен таралады және ол иудаизм, христиандық немесе исламға ұқсамайды. Осы айдың басында Гаага сотының бас прокуроры Фату Бенсуда ИМ-ді "адам айтқысыз қатыгездік жасап, адамдарды жаппай өлтірді, азаптады" деген. Бірақ ол я Ирак, я Сирия Халықаралық қылмыстық сот мүшесі болмағандықтан бұл қылмыстарға тергеу жасай алмайтынын айтқан. Бірақ езидтер шағымында Халықаралық қылмыстық сот құру туралы келісімге қол қойған 20 ел азаматының ИМ қатарында екенін айтады.

Езидтер ИМ құрамында бұл елдерден шыққан 5 мыңнан 7 мың 500-ге дейін адам барын айтады.

XS
SM
MD
LG