Accessibility links

Тегеран: Меккедегі кептелісте 131 ирандық мерт болған


Құтқарушылар Мина жазығындағы кептелісте қаза болғандардың денесін әкетіп барады. Сауд Арабиясы, Мекке, 24 қыркүйек 2015 жыл.
Құтқарушылар Мина жазығындағы кептелісте қаза болғандардың денесін әкетіп барады. Сауд Арабиясы, Мекке, 24 қыркүйек 2015 жыл.

Иран билігі Мекке қаласы маңындағы Мина жазығында болған кептелістен қаза тапқандардың 131-і ирандық екенін хабарлады.

Иран қажылық жұмыстарын үйлестіру ұйымының басшысы Саид Охадидің ресми IRNA агенттігіне хабарлауынша, қайғылы оқиға кезінде Иранның тағы 60-тан астам азаматы жараланған.

Сауд Арабиясының азаматтық қорғаныс мекемесі қыркүйектің 24-і күні Мекке қаласы маңындағы Мина жазығында болған кептеліс салдарынан қаза тапқандар саны 717 адамға жеткенін хабарлаған. Оқиға салдарынан жүздеген адам жараланған. Қайғылы оқиға жазықта қажылыққа барған мұсылмандардың "шайтанға тас ату" деп аталатын діни ғұрыпты атқаруы кезінде болған.

Бұл қайғылы оқиға мұсылмандардың Құрбан Айт мейрамының алғашқы күніне тап келді. Биыл қыркүйектің 21-26 күндері арасында өтіп жатқан мұсылмандардың қажылық діни рәсіміне қатысу үшін Сауд Арабиясындағы Мекке қаласына 2 миллионға жуық адам жиналған.

Қажылықта соңғы рет мұндай ірі қайғылы оқиға 1990 жылы болған. Ол кездегі тапталыста 1 мың 426 адам мерт болған.

Иран жетекшілері, оның ішінде осы елдің рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Сауд Арабиясы билігін қажылық жұмысын дұрыс ұйымдастырмай, кісі өліміне душар етті деп айыптады. Хаменеи 24 қыркүйек күні Сауд Арабиясы билігі қайғылы оқиғаға "бірден-бір жауапты екенін" мойындауы тиіс деп мәлімдеген.

Сауд Арабиясының денсаулық сақтау министрі Халид әл-Халифтің айтуынша, қайғылы оқиға қажылардың "жазыққа ережеге бағынбай, уақытты ескермей кіруінен" болған.

XS
SM
MD
LG