Accessibility links

Сауд Арабиясы қайғылы оқиғаны тексеретін комиссия құрды


Мекке маңындағы Мина алабында қайғылы оқиға болған жерде. 24 қыркүйек 2015 жыл.
Мекке маңындағы Мина алабында қайғылы оқиға болған жерде. 24 қыркүйек 2015 жыл.

Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдел Азиз әл-Сауд қарамағындағылардан өзіне қажылық кезіндегі қауіпсіздік шарасы жайлы есеп беруді талап етті. Биыл бұл елге қажылыққа барған 800-ден астам адам қаза тапқан.

Қыркүйектің 24-і күні Мекке қаласы маңындағы Мина алабында болған кептеліс салдарынан 717 адам мерт болып, 863 адам жараланған еді.

Соның алдында, қыркүйектің 11-і күні қатты желден шайқалған құрылыс краны Меккедегі Әл-Харам мешітіне құлап, 107 адам опат болып, 200-ден аса адам зардап шеккен.

Сауд Арабиясы үкіметі Мина алабындағы қайғылы оқиғаның себебін тексеретін комиссия құрған. Король Салман қажылықты ұйымдастыру шарасын жетілдіріп, анық жүйесін жасау керек деп мәлімдеген.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Меккедегі қайғылы оқиғадан құрбан болғандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екенін хабарлаған еді. Оның айтуынша, биыл қажылық сапарға Қазақстаннан төрт мыңға жуық адам барған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, елден биыл қажыға барған 78 жастағы әйел адам Сауд Арабиясы ауруханаларының бірінде жүрек талмасынан қайтыс болған.

Қыркүйектің 21-26 күндері арасында өтіп жатқан қажылық діни рәсіміне қатысу үшін Сауд Арабиясындағы Мекке қаласына екі миллионға жуық мұсылман жиналған.

XS
SM
MD
LG