Accessibility links

Карелияның бұрынғы басшысын екі айға қамады


Карелияның бұрынғы басшысы Андрей Нелидов.
Карелияның бұрынғы басшысы Андрей Нелидов.

Ресейдің Петрозаводск қалалық соты Карелия аймағының бұрынғы басшысы, «Кижи» музей-қорығының директоры Андрей Нелидовты тұтқындау туралы шешім шығарған.

Тергеу орындары «ірі көлемде пара алған» деген күдік келтіріп отырған Нелидов қарашаның 23-іне дейін қамауда болады. Тергеушілер күдіктінің Шенген аймағы елдеріне ашық визасы болуы себепті, «ол бой тасалап, тергеуге кедергі келтіруі мүмкін» деген уәж айтқан.

Ал Нелидов кінәсіз екенін және өзіне «жасырын өсек негізінде айып тағып» отырғанын мәлімдеген. Сонымен бірге ол сырқат екендігін және асырауында кәмелетке толмаған бала барын назарға алуды соттан сұраған.

Андрей Нелидов қыркүйектің 24-і күні Петрозаводск қаласындағы өз пәтерінде ұсталған. Тергеушілер оған «Кижи» музей-қорық аймағында сауда және басқа да коммерциялық қызметпен айналысуға рұқсат беру үшін кәсіпкерден пара алған» деген айып тағып отыр.

Әуелгіде Нелидовтің «жарты миллион рубль пара алғаны» туралы хабарланған еді. Бірақ енді тергеушілер «алынған пара миллион рубльден көп» деп отыр. Ресей заңы бойынша, мұндай көлемде пара алу қылмысын жасаған адам 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

2013 жылы «Кижи» музей-қорығының директоры болып тағайындалған Андрей Нелидов 2010-2012 жылдар аралығында Карелия аймағының басшысы қызметін атқарған. Оның алдында Ресей федерация кеңесінде Карелияның өкілі болған.

XS
SM
MD
LG