Accessibility links

Польша премьері Ресей елшісінің сөзін сынады


Польша премьер-министрі Эва Копач.
Польша премьер-министрі Эва Копач.

Польша премьер-министрі Эва Копач осы елдегі Ресей елшісі Сергей Андреевтің поляк телеарнасына берген сұхбатында айтқанын сынға алған. Ол шетелдік дипломатиялық өкілдік басшысының өз қызметін атқаруға келген мемлекеттегі міндеті «елдер арасындағы достық және үйлесімді қатынастарға» жәрдемесу екенін айтқан.

Копачтың сынына іліккен ресейлік елші Андреев TVN24 телеарнасына сұхбатында "1939 жылы қыркүйекте екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына ішінара Польшаның да кінәсі бар" дегенді меңзеп сөйлеген.

Ресей елшісінің айтқанына байланысты журналистер қойған сұраққа жауабында премьер Ковач Польшада «бала екеш балаға дейін Риббентроптың да, Молотовтың да поляк болмағанын біледі» деп мәлімдеген.

Польша сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде Варшава ресейлік елшінің сөзін «совет билігінің бұйрығы бойынша НКВД жасаған қылмыс құрбандарына құрмет көрсетпеу» деп бағалайтыны айтылған.

Польша СІМ СССР қарулы күштері Польша жеріне басып кірген соң 200 мың поляк әскерилері ГУЛАГ лагерлеріне айдалып, 20 мыңнан аса адамды 1940 жылы көктемде НКВД қызметкерлері Катынь маңында атып өлтіргенін еске салған.

Reuters агенттігі Польша сыртқы істер министрі Гжегож Схетынаға сілтеме жасап, Ресей елшісі Сергей Андреев түсініктеме беру үшін дүйсенбі күні Польша сыртқы істер министрлігіне шақырылатынын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG