Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз уәлаятында бүгін "Талибан" жасақтары жаңа шабуыл бастады.
Уәлаят полициясының басшысы Саид Саруар Хусаинидың айтуынша, шабуыл 28 қыркүйек күні таңға жуық басталған.
Кейбір ақпараттар бойынша, үкімет күштерінің "Талибан" жасақтарымен қақтығысы әлі жүріп жатыр. Қала орталығында атыс үні естіледі. Хусаинидің сөзінше, қақтығыста 20-ға тарта содыр оққа ұшқан. Қауіпсіздік күштері арасында да қаза тапқандар бар болғанымен, нақты саны белгісіз.
Twitter-дегі парақшасында "Талибан" шабуылға жауапкершілікті мойнына алып, қала тұрғындарын үйлерінен шықпауға шақырды.
Бұрын тыныш аймақ саналатын Ауғанстанның солтүстігінде соңғы жылдары шабуыл қайта күшейген.
Өткен жылдың соңында НАТО Ауғанстандағы миссиясын аяқтап, әскерін шығарып әкеткен соң биыл сәуір айында "Талибан" Құндыз уәлаятын басып алмақ болып, кескілескен шайқастар болған.