Иран билігі Сауд Арабиясында қажылық парызын өтеушілердің Мина жазығындағы тапталысында жоғалған ирандықтарды іздеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады.
"Қайғылы оқиғадан жеті күннен соң барлық жараланған қажылар туралы мәлімет анықталып, жария болды" деді бүгін қажылық жұмыстарын ұйымдастыратын мекеме өкілі. Мекеме 24 қыркүйекте Мекке маңында болған тапталыстан Иранның 460-тан астам азаматы мерт болғанын айтады.
Сауд Арабиясы билігінің мәлімдеуінше, тапталыста барлығы 769 қажы қаза тапқан. Эр-Рияд Тегеранға қайғылы оқиғаға қатысты көңіл айтып, екі ел арасындағы ренішті сейілтуге тырысқан.
Сауд Арабиясы мен Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, кеше Сауд Арабиясының Джидда қаласында екі ел денсаулық сақтау министрлері кездескен. "Кездесу жылы шырайда өтті. Сауд Арабиясының королі Иран халқы мен үкіметіне, рухани көсеміне көңіл айттты" деген Иран денсаулық сақтау министрі Хасан Газизаде Хашеми Иранның IRNA агенттігіне.