Accessibility links

MSF: Кундузда тоғыз қызметкер мерт болды


Кундузда әуе соққысы астында қалған ауруханадан түсірілген бұл суретті "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымы таратты. 3 қазан 2015 жыл.
Кундузда әуе соққысы астында қалған ауруханадан түсірілген бұл суретті "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымы таратты. 3 қазан 2015 жыл.

«Шекарасыз дәрігерлер» (Medecins Sans Frontieres - MSF) халықаралық ұйымы Ауғанстанның солтүстігіндегі Кундуз қаласындағы ауруханаға шабуылды айыптады. Ұйымның мәлімдеуінше, шабуыл салдарынан ауруханада кемінде тоғыз қызметкер қаза тауып, 37 адам (оның 19-ы – ұйым өкілдері) жараланған. Ондаған адам хабар-ошарсыз кеткен.

«Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының мәлімдемесінде аурухананың әуе соққысы астында қалғаны туралы Кабул мен Вашингтондағы америкалық және ауғанстандық әскерилерге хабарланғаннан кейін де шабуыл жарты сағат бойы жалғасқан. Мәлімдемеде АҚШ пен Ауғанстан әскерилеріне аурухананың орналасқан жері нақты көрсетіліп, хабарланғаны айтылған. Шабуыл кезінде ауруханада ем алып жатқан жүзден аса адам болған.

Ауғанстандағы АҚШ қарулы күштерінің өкілі полковник Брайан Трибус сенбі күні таңертең америкалық әскери ұшақтар бұл ауданда әуеден соққы бергенін мәлімдеген. Оның айтуынша, әскери операция барысында «сол маңға жақын орналасқан емдеу мекемесіне зардап келген болуы мүмкін». Бұл оқиға тексеріліп жатыр деп хабарлаған Трибус.

Ауғанстан ішкі істер министрлігінің ақпаратында «ауруханада 10-нан 15-ке дейін содыр жасырынғаны анықталғаны және олардың барлығы қаза тапқаны» туралы айтылған.

«Талибан» содырлары 300 мыңдай тұрғыны бар Кундуз қаласын қыркүйектің 28-і күні таңертең шабуыл жасап, кешке қаланы басып алғанын хабарлаған. Бірақ келесі күні қауіпсіздік күштері қаланы қайтарып алу шабуылын бастаған. Содан бері тараптар арасында шайқас жалғасып жатыр.

XS
SM
MD
LG