Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Ресейдің Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобына қарсы әуе шабуылдарын қолдайды. Бұл туралы Атамбаев бүгін Бішкекте парламент сайлауына дауыс беріп шыққан соң мәлімдеді деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Қырғыз президентінің сөзінше, бұл [Ресей ұшақтарының] «Ислам мемлекеті» тобы позицияларына «тұңғыш рет жасалған тиімді әуе соққылары» болып отыр. «Бұған дейінгілер ойын сияқты – ИМ-ді бомбалағанымен, ол кеңейіп, күшейе берген» дейді Атамбаев.
Оның пікірінше, ИМ тобының Орталық Азия аймағында халифат құру туралы ниетін ескере отырып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер ең әуелі өз шекараларын қорғауды назарда ұстауы тиіс. «ИМ тобына қарсы тұру, соның ішінде Сирия жерінде де онымен күресу – Қырғызстанның мүддесіне сай келеді» деп санайды Атамбаев.
30 қыркүйекте Ресей парламентінің жоғарғы палатасы – федерация кеңесі елдің әуе қорғанысы күштерін Сирия жерінде қолдануға рұқсат берген соң, бірнеше сағаттан кейін Ресей әскери ұшақтары Сирияда үкімет әскеріне қарсы соғысып жатқандарға соққы берген. Ресей билігі әуе шабуылы «ИМ содырларына қарсы жасалды» деп мәлімдеген.
Бірақ Сирияда Башар Асад билігіне қарсы оппозиция ресейлік ұшақтар әуе соққысын жасаған аймақта ИМ жасағы жоқ екенін және шабуыл салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тапқаны туралы хабарлаған.