Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары бүгін «Коррупцияға қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады деп хабарлайды ақпарат агенттіктері. Заң жобасын зерттеген мәжіліс комитетінің қортындысында құжатта коррупциялық құқықбұзушылыққа қатысты «коррупцияға қарсы мониторинг» деген жаңа ұғым енгізіліп, «коррупцияға қарсы іс-қимыл саласындағы өкілетті орган» анықтамасы берілгені айтылған.
Сонымен бірге бүгін осы тақырыппен байланысты тағы бір құжат – «Қазақстан Республикасының коррупцияға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
Қазақстанда коррупцияға қарсы іс-қимыл туралы заңдарға өзгерістер жиі енгізіліп тұрады, билік жемқорлыққа қарсы науқандар жариялап, азаматтарды бопсалау оқиғалары туралы мемлекеттік органдарға хабарлауға шақырады. Бірақ елдегі коррупция деңгейі бұрынғысынша жоғары күйінде қалып отыр. Transparency International халықаралық ұйымының 2014 жылға арналған есебінде Қазақстан коррупция деңгейі жөнінен әлемдегі 175 елдің арасында 126-орында тұр. Америкалық Heritage Foundation ұйымы мен The Wall Street Journal басылымының «2015 жылғы экономикалық бостандық индексінде» Қазақстанда кез-келген салада – әлеуметтік қызмет көрсету, күш құрылымдары, соттар, атқарушы билік орындарында коррупция бары айтылған.