Қырғызстанның Ош облысындағы «Ас-Сарахси» мешітінің имамы, 37 жастағы этникалық өзбек Рашод Кори Камолов экстремизм айыбымен бес жылға сотталды.
Камоловтың адвокаты Назгүл Суйунбаеваның Азаттыққа айтуынша, кеше Ош облысының Қара-Су ауданында өткен сот "имам діни араздықты қоздырды, экстремистік материалдарды сақтады және таратты" деп тапқан.
Камолов Қырғызстанда тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» ұйымына қатысы бар және ел аумағында ислам халифатын құруға шақырған деген күдікпен биыл ақпанда тұтқындалған.
Қара-Су ауданында Камолов тұтқындалған соң оның жақтастары қарсылық шарасын өткізген.
Соты 24 шілдеде басталған имам Рашод Кори Камолов өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.