Бүгін Қазақстан ұлттық банкінің Алматыдағы бас кеңсесі алдында наразылық акциясын өткізген ипотекалық несие борышкерлерінің бірнешеуін полиция алып кетті. Борышкерлер қатарындағы белсенділердің айтуынша, акцияға қатысушылар Сәтпаев көшесіндегі жолды жаппақ болған кезде оларды полиция ұстаған.
Оның алдында проблемалық ипотекалық несие қарызы бар борышкерлер банк кеңсесі алдында пикет өткізіп, банк жетекшілігіне жазған петицияны есік алдындағы күзетшілер арқылы кеңсеге берген.
Наразылық акциясына қатысушылардың түсіндіруінше, борышкерлердің көпшілігі проблемалық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру туралы мемлекеттік бағдарлама бойынша үкімет бөлген 130 миллиард теңге (шамамен 472 миллион доллар) ақшаны пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізе алмай отыр. Ұлттық банк жетекшілігіне жолдаған петицияда борышкерлер мемлекеттік бағдарламаны пайдаланудан өздері де шет қалмауы үшін банктердің борышкерлермен жұмыс тәртібін өзгертуді талап еткен. Сонымен бірге өтелмеген қарызы бар борышкерлерді баспанадан шығаруды тоқтату, сот орындаушыларынан атқару құжаттарын кері қайтарып алу туралы талаптар айтылған.
Ұлттық банк жетекшілерінен наразы борышкерлермен кездесуге ешкім шықпады.
Бүгінгі акциядан жарты сағаттай бұрын Алматы полициясы азаматтық белсенді Андрей Цукановты ұстап, оны Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген.
Ұлтты банк жанында бейбіт жағдайда өткен наразылық акциясына 30-ға жуық адам қатысты. Банктің жабық қақпасы алдында полицияның бірнеше қызметкері тұрды, тағы ондаған полиция өкілі наразылық акциясының барысын алыстан бақылап тұрды. Сонымен бірге жай киім киген оншақты жас азамат болған оқиғаны видеоға түсіріп жүрді.
Алматыдағы Ұлттық банк ғимараты алдындағы пикет: