Сирия мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары мен оппозициялық белсенділер елдің орталық бөлігінде Ресей әскери ұшақтарының қолдауына сүйеніп шабуылға шыққан үкімет әскері мен оппозиция күштері арасында кескілескен шайқас болып жатқаны туралы хабарлады.
SANA мемлекеттік агенттігінің хабарлауынша, президент Башар Асадты қолдайтын әскер күші Хама провинциясының солтүстік бөлігіндегі Атшан елдімекенін толық бақылауына алған.
Бұған дейін осы аптада үкімет күштері Хама және Идлиб провницияларында құрлықтағы шабуыл бастап, Ресей әскери ұшақтары қыркүйектің 30-ы күні Сирия жерінде Асад билігіне қолдау танытуға кіріскелі бері, үкімет әскері алғаш рет әуедегі және жердегі күштердің біріккен ірі операциясын өткізген.
Ресейдің ресми өкілдері Сириядағы әуе шабуылдары негізінен «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобын нысанаға алғаны туралы мәлімдеген. Бірақ әуе соққыларының көбі ИМ тобы жоқ аудандарға жасалған деп хабарлайды Ассошиэйтед пресс.