Accessibility links

Анкарада теракт құрбандарын еске алды


Анкарада террорлық шабуыл құрбандарын еске алуға жиналғандар. Түркия, 11 қазан 2015 жыл.
Анкарада террорлық шабуыл құрбандарын еске алуға жиналғандар. Түркия, 11 қазан 2015 жыл.

Бүгін Анкарада кеше болған жарылыстарда қаза тапқандарды еске алу рәсіміне мыңдаған адам жиналған. Жұрттың көпшілігі қолдарына гүл ұстап келген.

Сенбідегі жарылыстар салдарынан қаза тапқандар саны, соңғы мәліметтер бойынша, 95 адамға жеткен. 200-ден астам адам жараланған.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарада болған жарылыстарды айыптап, оны жасағандардың ісін «жиіркенішті» деп атаған. Түркияда шілде айынан бері терактілерде қаза тапқандарды еске алу үшін үш күндік аза тұту жарияланған. Премьер-министр Ахмет Дәуітоглу «террористер елдің бірлігін бұза алмайды» деп мәлімдеген.

Сенбідегі жарылыстарда жараланғандардың кейбірі ауыр халде жатыр. Жарылыстардан соң оқиға болған маңдағы ығы-жығы адам мен кептеліс салдарынан жедел жәрдем көлігі дер кезінде жете алмай, жараланғандар қансырап қалған. Билік азаматтарды дәрігерлер өмірін аман алып қалуға әрекет жасап жатқан жаралыларға қажетті қан тапсыруға шақырды.

Сенбі күні Стамбул көшесіне жүздеген адам шығып, Анкарада болған терактілерге үкіметті кінәлаған. Оппозициялық Халықтық-республикалық партия жетекшісі Кемал Кылычдароглу «демократиялық реформаларды ары қарай жалғастырып, Еуропа одағына жақындауды мақсат тұтатын түрік халқын ешкім де қорқыта алмайды» деп мәлімдеген.

Қазанның 10-ы күні Анкарадағы темір жол вокзалы маңында жұртшылық түрік әскері мен елде қызметіне тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясының қарулы жасағы арасындағы қақтығысты тоқтатуға шақырған «бейбіт маршқа» шыққалы жатқан кезде қатарынан екі жарылыс болған. Жиынға негізінен мемлекеттік қызметшілер мен жастар ұйымдарының өкілдері жиналған. Демонстранттар шеруге мемлекеттік ту, Түрік республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің портреттерін және «Еңбек, бейбітшілік, республика» деген жазулар ұстап келген.

Түркияда соңғы екі айдың ішінде террорлық шабуылдардан барлығы 130-дан аса полиция мен әскери қызметкерлер, қатардағы азаматтар мерт болған.

Әзірше сенбі күні болған жарылыстарды кім ұйымдастырғаны белгісіз қалып отыр. Елде қызметіне тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясы өз адамдарына қарашаның 1-іне белгіленген кезектен тыс парламент сайлауы өткенге дейін кез-келген соғыс іс-қимылын тоқтатуды бұйырған.

АҚШ Анкарада сенбіде шеру кезінде болған жарылыстарды «бейбіт демонстранттарға пасықтықпен жасалған террорлық шабуыл» деп атаған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға Анкарада болған жарылыстарға байланысты көңіл айтып жеделхат жолдаған.

XS
SM
MD
LG