Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Александр Лукашенконы Беларусь президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтады деп хабарлайды Беларусь президентінің ресми сайты.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко беларус-қазақ қарым-қатынасына қатысты кейбір мәселелерді телефон арқылы талқылады.
«Екі мемлекеттің жетекшілері өзара талқылауды ТМД мен ЕАЭО аясындағы кездесулер кезінде жалғастыратын болды. Қазақстан президенті Александр Лукашенконы Беларусь республикасы президенті қызметіне қайта сайлануымен құттықтады» деп хабарлады Беларусь басшысының баспасөз қызметі.
Жексенбі күнгі сайлауды халықаралық бақылаушылар тобы сынап, дауыс беру және санау кезінде заңбұзушылық болғанын мәлімдеді. Дүйсенбі күні баспасөз мәслихатын өткізген ЕҚЫҰ бақылаушы тобының басшысы Кент Хастед "Демократиялық міндеттемелерін орындау үшін Беларуське әлі ұзақ жол жүру керек" деді.
11 қазанда өткен президент сайлауында Беларусь президенті Орталық сайлау комиссиясының алдын ала ресми қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған болатын. Бұл - 61 жастағы Александр Лукашенконың президент сайлауындағы қатарынан бесінші жеңісі. Ол 1994, 2001, 2006, 2010 жылдардағы президент сайлауында жеңіске жеткен.