Accessibility links

ЕО Беларуське салған санкциясын уақытша ала тұрмақ


Могилев қаласындағы президент сайлауының үгіт-насихат плакаты, Беларусь. (Көрнекі сурет).
Могилев қаласындағы президент сайлауының үгіт-насихат плакаты, Беларусь. (Көрнекі сурет).

Еуропа Одағы (ЕО) Беларуське салынған санкцияны уақытша ала тұруға шешім қабылдады. Францияның Еуропа істері бойынша мемлекеттік хатшысы Арлем Дезирдің мәлімдеуінше, ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері Беларуське салынған санкция күшін "президент сайлауының қазіргі жағдайда аз да болса ашықтау, тыныш өткеніне орай" келесі жылғы қаңтардан бастап төрт айға тоқтату туралы алдын ала уағдаласқан.

Дезирдің сөзіне қарағанда, ЕО Беларусьтегі жағдай нашарласа санкцияны кез-келген уақытта қайта енгізе алады. Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Беларусьтегі кейбір оң өзгерістерді, оның ішінде саяси белсенділердің босатылғанын құптағанымен, сайлау "халықаралық талаптарға сай келмегенін" айтты.

Халықаралық бақылаушылар Беларусьте президент Александр Лукашенко төртінші мерзімге қайта сайланған 11 қазандағы президент сайлауы барысын сынаған. Сарапшылар Беларусь билігі демократиялық реформалар жүргізу міндетін орындамады деп, сайлаудағы дауыс санау процесіне күдік келтірген.

Ресми мәлімет бойынша, Лукашенконы дауыс бергендердің 83,5 пайызы қолдаған.

XS
SM
MD
LG