Сейсенбі күні Нидерландтың қауіпсіздік кеңесі былтыр Украинаның әуе кеңістігінде атып түсірілген малайзиялық MH17 ұшағының апатқа ұшырау себептерін зерттеу нәтижесін Хильзе-Рейн әскери базасында жария етті. Қауіпсіздік кеңесі ресми түрде ұшақты Украинаның шығысынан атылған БУК зымыраны атып түсірген деп мәлімдеді. Ресей бұл қорытындымен келіспейді.
Нидерландтың қауіпсіздік кеңесі бір жылдан астам уақытқа созылған тексеру нәтижесін әуелі апатқа ұшыраған ұшақта қаза тапқан жандардың туыстарына баяндаған. Тек содан кейін зерттеу есебі бұқаралық ақпарат құралдарына таныстырылды. Зерттеушілер апат себебін дәл анықтау үшін құлаған ұшақтың біраз бөлігін қайта құрап шыққан.
Қауіпсіздік кеңесі былтырғы шілденің 17-сі күні Украинаның шығысында Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып бара жатқан малайзиялық ұшақты ресейшіл сепаратистер бақылау орнатқан аймақтан әлдекімдер БУК зымыран кешенінен атып түсірген деп қорытынды жасады. Зерттеумен бірінші болып танысқан қаза тапқан жолаушылардың туыстары BBC-ге "зымыран ұшақтың тұмсығына тиіп, әуе кемесі әп-сәтте жарылып кеткен, мерт болған жолаушылар не болғанын түсінбей де қалған" деп хабарлаған.
Ресей бұл зерттеу қорытындысымен келіспейді. Ресейлік «Алмаз-Антей» қару-жарақ өндірушісінің уәжі бойынша, ұшақты БУК-тың ескірген нұсқасымен украин әскерилері атып түсірген.
Былтыр Украина әскері мен ресейшіл сепаратистердің Донбастағы қарулы қақтығысы шиеленіскен тұста осы аймақтың үстімен ұшып бара жатқан малайзиялық MH17 жолаушылар ұшағы әуеде жарылып, жерге құлаған еді. Борттағы 298 адам түгел қаза тапқан.