Accessibility links

Астанада Каспий түбін бөлу туралы келісім де жасалды


Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кездесуден соң құжаттарға қол қойып отыр. Астана, 15 қазан 2015 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кездесуден соң құжаттарға қол қойып отыр. Астана, 15 қазан 2015 жыл.

Бүгін Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін бөлісу жөніндегі құжатқа қол қойды. Путиннің сөзінше, Каспийге қатысты бұл келісім компаниялардың ірі көмірсутегі кеніштерін игеруге кірісуіне мүмкіндік береді.

Қол қойылған құжаттар арасында Ресейдің Орынбор облысындағы Домбаровский ауданынан зымыран ату тәртібі туралы келісім де бар. Бұған дейін ресейлік кейбір ақпарат құралдары "Орынбор облысы аумағынан ұшырылған зымыранның пайдаланылған бөлігі құлауы үшін Қазақстан жерін жалға алатынын" хабарлаған. Мәскеу бұл үшін Астанаға жылына 460 мың АҚШ долларын төлейтіні айтылған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, ол Владимир Путинмен кездесуде Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тартылатын мұнай құбырын пайдалану мүмкіндіктерін, Каспий теңізі кеніштерін бірлесе пайдалану, көмір өнеркәсібіндегі ынтымақтастық және Каспий арқылы өтетін жаңа жол арқылы транзиттік тасымал мәселелерін талқылаған.

Бұған қоса Астанада Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында авиациялық іздеу мен құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, "Бипэк Авто Қазақстан" мен "АвтоВАЗ" компаниялары арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейту туралы келісімге қол қойылған.

XS
SM
MD
LG