Ресейдің Ростов облысындағы Донецк қаласында украиналық әскери қызметкер Надежда Савченконың ісі бойынша өтіп жатқан сотта бүгін айыпталушының сіңлісі Вера Савченконың куәлігін тыңдау туралы қорғаушы тараптың өтінішін судья қанағаттандырмады.
«Верадан жауап алу туралы өтінішті сот қанағаттандырудан бас тартты» деп жазды Надежда Савченконың адвокаты Марк Фейгин Twitter әлеуметтік желісінде.
Вера Савченко – Ресей тергеу орындары 2014 жылы жазда Украинаның Луганск облысында қаза тапқан ресейлік екі журналистің өліміне қатысты айып таққан Надежда Савченконы қорғаушы тараптың осы іс бойынша жалғыз куәгері.
Қазанның 14-і күні Вера Савченконың Ресейге келуіне тыйым салынғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Бірақ кейін оның әпкесінің адвокаттарының бірі Илья Новиков Вера Савченконың Ресейге кіруіне билік рұқсат еткені туралы Twitter әлеуметтік желісі арқылы хабарлаған.
Надежда Савченко өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартып отыр. Ол наразылық ретінде тергеу абақтысында бірнеше айға созылған аштық жариялаған. Ресей билігінен Надежда Савченконы дереу босатуды талап еткен акциялар Украинада, Ресейде және әлемнің өзге де елдерінде өткен.