Accessibility links

Каспаров Әблязовты экстрадициялауды тоқтатуға шақырды


HRF құқық қорғау ұйымының төрағасы Гарри Каспаров (оң жақта) Мұхтар Әблязовтың ұлы Мадияр Әблязовпен бірге Париждегі баспасөз мәслихатында. 20 қазан 2015 жыл
HRF құқық қорғау ұйымының төрағасы Гарри Каспаров (оң жақта) Мұхтар Әблязовтың ұлы Мадияр Әблязовпен бірге Париждегі баспасөз мәслихатында. 20 қазан 2015 жыл

Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұйымның төрағасы Гарри Каспаров Париж түрмесіндегі қазақстандық бұрынғы банкирге барып қайтты.

HRF мәлімдемесінде ұйымның француз үкіметіне Мұхтар Әблязовты Ресейге экстардицияламауды сұрап, өтініш білдіргені айтылған. HRF егер Әблязовты Ресейге экстрадицияласа, оны азаптауы мүмкін деп санайды.

Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы жарлыққа Франция премьер-министрі Мануэль Вальс 17 қыркүйекте қол қойған. Қазақстанда Әблязовты "БТА Банкі үкімет бақылауына өткенге дейін банктің алты миллиард доллар ақшасын жымқырды" деп айыптайды. Мұхтар Әблязовтың өзі тағылған айыптардың саяси негізі бар деп санайды.

Каспаров Франция президенті Франсуа Олландты Әблязовты Ресейге экстрадициялауды ресейлік сот жүйесі «Батыспен әріптестікке қол жеткізгенге» дейін тоқтатуға шақырды. «Әблязовке қатысты Ресейдегі сот процесінің әділ өтуіне ешқандай мүмкіндік жоқ. Ол Ресей түрмелерінде азаптауға және сол жерге келуі мүмкін қазақстандық ресми тұлғалар тарапынан адамгершілікке жатпайтын қатыгездікке ұшырауы мүмкін» деп мәлімдеді Каспаров Әблязовпен түрмеде болған кездесуден соң.

«Қайтармау принципі ешбір мемлекеттің тұлғаларды өміріне қауіп төнген немесе азаптауға ұшырауы мүмкін территорияға кері жөнелтпеуін талап етеді» деді HRF заңгері Хавьер эль-Хаж. Бір жыл бұрын Каспаровқа Әблязовтың Франциядағы сотында куәлік етуге рұқсат берілмеген еді.

XS
SM
MD
LG