Алматыда жастардың «Бастау» атты бесінші халықаралық қысқа метражды кинофильмдер фестивалі ашылды. Байқауға 20 елден 59 фильм қатысып жатыр. Қазақстандық жастар фестивальға ең көп шығарма – 17 фильм ұсынған. Сонымен бірге Армения, Әзербайжан, Грузия, Израиль, Қырғызстан, Молдова, Франция және өзге елдерден жас режиссерлердің туындылары қатысып отыр.
«Бастау» кинофестивалінде үш конкурстық бағдарлама бойынша – қысқа метражды көркем шығарма, деректі және анимациялық фильмдер байқауы өтеді. Сонымен бірге конкурстан тыс бағдарлама да бар.
Конкурстық фильмдерді екі қазылар құрамы – фестиваль жюриі және студенттер төрешілері анықтайды. Ресейлік танымал режиссер, сценарист әрі актер Виктор Мережко биылғы фестиваль жюриінің төрағасы болып белгіленген.
Кинофестиваль жеңімпаздары қазанның 25-і күні анықталмақ.