Accessibility links

Жоғарғы сот Арон Атабектің шағымын қанағаттандырмады


Арон Атабектің адвокаты Жанар Балғабаева (сол жақта) мен Атабектің өкілі Бақытжан Төреғожина Қазақстан Жоғарғы сотында. Астана, 22 қазан 2015 жыл.
Арон Атабектің адвокаты Жанар Балғабаева (сол жақта) мен Атабектің өкілі Бақытжан Төреғожина Қазақстан Жоғарғы сотында. Астана, 22 қазан 2015 жыл.

Бүгін Қазақстан Жоғарғы соты ақын әрі диссидент Арон Атабектің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің іс-әрекетіне шағымы бойынша қадағалау өндірісін қозғаудан бас тартты.

Сотқа берген өтінішінде Атабектің адвокаты Жанар Балғабаева Жоғарғы соттан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тұтқын Арон Атабектің ар-намысын қорлайтын, қатыгез іс-әрекетке барған және оны ұзақ уақыт жалғыз өзін жеке қамау орнында заңсыз ұстаған деп тануды сұраған.

– Қылмыстық-атқару жүйесі комитетін Арон Атабекті тұрғылықты жері – Алматы облысындағы түзеу мекемесіне жіберуге, сонымен бірге оның туған-туыстарына тұтқынды ауыстырғаны туралы заңмен белгіленген мерзімде уақытылы хабарлауға міндеттеуді сұраймыз. Бұдан өзге, қылмыстық-атқару жүйесі комитетін Арон Атабектің барлық қолжазбаларын өзіне қайтарып, тұтқын денсаулығына жан-жақты дәрігерлік тексеру жүргізуге және құқыққорғаушыларды онымен кездестіруге міндеттеуді өтінеміз, - деді Жанар Балғабаева.

Арон Атабектің өкілі Бақытжан Төреғожина Жоғарғы соттың шешімі олар «күткендегідей» болғанын, енді БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитетіне шағым беруге әзірлікке кірісетіндерін айтады. Төреғожинаның сөзінше, соңғы екі жыл бойы олардың тұтқын Арон Атабекті түрмеде ұстау жағдайын өзгертуді сұрап жазған шағым-өтініштерінің ешбірі қанағаттандырылмаған.

– Қазақстанда бұл істі ешкім қарағысы келмейді, біз барлық сатылардан өттік, олардың ешқайсысы айтқан уәждерімізге құлақ түрген жоқ, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Биыл тамызда тұтқын Арон Атабек (құжат бойыншы аты-жөні – Арон Едігеев) Павлодар қаласындағы тергеу абақтысының камералық типтегі қамау орнынан төрт адамдық камераға ауыстырылған. 2006 жылы Арон Атабек Алматыдағы «Шаңырақ оқиғасы» бойынша айыпталып, сот үкімімен 18 жылға бас бостандығынан айрылған. Түрмеде ол бес жылды жалғыз адамдық камераларда өткізген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG