Абу-Дабиде (БАӘ) дзю-додан жастар арасындағы әлем чемпионатында 55 килограмдық салмақ дәрежесінде қазақстандық Мағжан Шамшадин алтын жүлдені жеңіп алды.
Қазақстандық жас балуан алдымен өзбекстандық Достан Рузиев пен армениялық Вахан Ховсепяннан күш асырды.
Ширек финалда әзірбайжандық Натиг Курбанлиді, жартылай финалда грузиялық Иракли Купатадзені жеңген Шамшадин финалдық белдесуде Оңтүстік Корея өкілі Хам Ри Лиді таза жеңіспен (иппон) ұтты.
Жастар арасында Қазақстан соңғы рет алтын медальді 2011 жылы Мароккода өткен әлем чемпионатында алған. Ол жарыста Елдос Сметов әлем чемпионы атанған.