Түркия Хатай провинциясындағы Сириямен шекарада орналасқан Жилвегезу бақылау-өткізу бекетін уақытша жапты.
Түркия билік орындары босқындар лагерлерінде орын мен қажетті заттардың тапшылығынан Сириядан жаңадан мигранттар қабылдауға мүмкіндік жоғын айтады. «Бізге ең қажетті нәрселер – ыстық тамақ, су, көмір, гигиеналық және жуатын заттар жетіспейді» деп мәлімдеген оңтүстік-батыстағы Газиянтеп провинциясы мэрі Фатма Шахин түркиялық NTV телеарнасына сұхбатында.
Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, түрік шекарасындағы бекеттің ашылуын күтіп, Сирия жағында үш мыңға жуық адам жиналып қалған. Тағы ондаған мың адам Сирияның солтүстігіндегі Алеппо провинциясынан Түркиямен шекараға қарай бара жатыр деп хабарланды.
Сирияда әскери жанжал басталған соң Түркия билігі өз аумағында босқындарға арнап ашқан 22 лагерді жалпы жиыны екі жарым миллионға жуық сириялықтар паналаған. Оларға бес миллиард еуродан көп қаржы жұмсалған. Түркияның «Хюрриет» газетінің хабарлауынша, Еуропа Одағы елдері Сириядан қашқан босқындарды Еуропаға барғызбай, Түркия аумағында ұстау үшін Анкараға көмек ретінде тағы үш миллиард еуроға жуық қаржы бөлмекші.