Ұлыбритания Ауғанстандағы қазіргі 450 сарбазын келесі жылы да сол елде қалдырмақ. Бұл туралы елдің қорғаныс министрі Майкл Фэллонның парламентке хатында айтылған. Осының қарсаңында АҚШ Ауғанстаннан НАТО ұйымы контингентін шығарудың шекті мерзімі аяқталған соң ол елде 5500 сарбазын қалдыратыны туралы мәлімдеген. НАТО альянс мүшелерін АҚШ тәрізді Ауғанстан жерінде шамалас әскерін қалдыруға шақырған.
Фэллонның парламентке хатында «Британия мен АҚШ-тың шешімі НАТО-ның ауған армиясын дайындау және жәрдемдесу жөніндегі міндетіне берік екенін тағы көрсетеді» делінген. Лондонның мәлімдемесін құптаған Ауғанстан президенті Ашраф Ғани халықаралық көмек «[ауғанстандық] қарулы күштердің өз миссиясын орындау тиімділігін арттырып, моральдық рухын нығайтуға септесетінін» айтқан.
Ауғанстандағы әскери операцияларын аяқтап, қарулы күштерінің негізгі бөлігін 2014 жылы ауған жерінен шығарған НАТО-ның қазіргі уақытта ол елде 13 мыңға жуық сарбазы бар.