Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары бүгінгі жалпы отырыста қолданыстағы заңнамаға спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық іс-шаралары барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады деп хабарлады ақпарат агенттіктері.
Заң жобасына сәйкес, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу үшін жергілікті атқарушы билік органдары ұйымдастыру комитеттерін құруы тиіс. Ұйымдастыру комитеттері іс-шараны өткізуге қатысатын ұйымдардың қызметін үйлестіреді.
Жобада бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар оған қатысатын көрермен мен сатылған билет саны және автотұрақ орындары туралы жергілікті атқарушы билік органдарына дер кезінде хабарлауға міндетті болатыны жазылған.